Құдайдан қорыққан құр қалмайды Аббасит халифасы Әл-Мансур таққа отырған күні оған атақты ғұлама Муқатил ибн Сулеймен келіп кіреді. Халифа ол кісіге: "Маған насихат айтшы", - дейді. Сонда ғұлама: "Естігенімді айтайын ба, әлде көргенімді айтайын ба?"- дейді. Халифа: "Көргеніңді айт", - дейді. "Мұсылмандардың әміршісі! Омар ибн Абдулазиздің (Әмәуи династиясының ізгі халифасы) он бір баласы болды. Өмірден өткенде артына 18 динар қалдырды. 5 динарға кебінделді, 4 динарға көмілетін жері сатып алынды. Қалғаны балаларына таратылды. Алланың атымен ант етейін, аз уақыттың ішінде Омардың балалары күніне мыңдап садақа беретін деңгейге жетті. Ал дүниеден өтерде он бір баласының әрқайсысына миллион динардан қалдырған Һишам ибн Абдулмаликтің (Ол да Әмәуи династиясының халифасы болған) кейбір балаларының базарда қайыр сұрап жүргенін көрдім. Омар ибн Абдулазиз өлім алдында жатқанда одан: "Балаларыңа не қалдырдың?", деп сұралған еді. Ол: "Балаларыма Алладан қорқуды қалдырдым. Егер олар ізгі, салихалы болса, Алла оларды Өз қамқорына алады. Егер керісінше болса, оларға күнә жасауға көмектесетін дүние-мүлік қалдырмаймын", - деген екен". Көп адамдар балаларына дүние жинап беріп, болашағын жарқын еткісі келеді. Дүние-мүлік пен байлық бақытты қылып, уайым-қайғыны болдырмайтындай көреді. Сөйтіп нағыз бақыт пен ұлы тыныштықты ұмыт қалдырады. Үлкен бақыт - баласына Алланы танытуда. Қазақ: "Адамға сенген мұрттай ұшады, Аллаға сенген құстай ұшады". "Адамға сенгеннің екі көзі шығады, Аллаға сенгеннің екі бүйірі шығады". "Құдай деген құр қалмайды",- дейді. Алла тағала: "Артында әлсіз ұрпақ қалдыруға қалай қорықса, (өздері де солай) қорықсын. Олар Алладан қорқып, тура сөз айтсын" – деген. («Ниса» сүресі, 9-аят).

Теги других блогов: балалар Құдай дүние-мүлік